«Мемлекет басшысын жалпыхалықтық сайлауда таңдағаннан кейін оның қызметіне кірісуі өте маңызды. Осы орайда Президенттің кезектен тыс сайлауын 9 маусымға белгіленуі - ол дер кезінде қабылданған шешім. Аталған сайлау науқанын өткізу Конституциялық Кеңеспен келісілген, яғни бұл шешім заңды болып есептеледі», - деп тоқталды С. Еңсегенов.
Кезектен тыс сайлау уақытылы өткізілетініне тоқталған сенатор, «себебі біздің мемлекетіміздің алдында үлкен стратегиялық міндеттер мен мақсаттар тұр. Еліміздің экономикасын, халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған үлкен бағдарламалық жобалар бар», - деді.
Оның пайымынша, осындай кезеңде елдің ішіндегі тұрақтылықты сақтау, елдің экономикасы мен әлеуетін көтеру - жалпыхалықтық дауыс беру нәтижесінде сайланған Президенттің болуын қажет етеді.
«Жалпы, кезектен тыс президенттік сайлау туралы шешімге халық тарапынан түсіністік болғанын және қолдау жасалғанын ескере отырып, оны дер кезінде жасалған қадам деп есептеймін», - деді Сәрсенбай Еңсегенов.
Айта кетейік, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық телеарналар арқылы Қазақстан халқына үндеу арнап, онда еліміздің Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2019 жылдың 9 маусымында өткізу туралы шешім қабылдағанын жариялаған болатын.
«Қазақстан - демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады. Мен, Мемлекет басшысы ретінде сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл - менің берік ұстанымым! Алдымызда зор міндеттер тұр. Мен халқымызға, яғни Сіздерге сенемін», - деген еді Қ.Тоқаев.