Кезектен тыс Президенттік сайлауға қатысқысы келетін үміткерлердің белсенділігі төмен емес - ОСК хатшысы

АСТАНА. 15 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешовтың пікірінше, кезектен тыс Президенттік сайлауға қатысқысы келетін үміткерлердің белсенділігі төмен деуге болмайды.

Бұл пікірін ол бүгін журналистермен болған кездесу барысында білдірді.

Оның сөзіне қарағанда, 2005 жылғы Президент сайлауында ОСК-ға 20-ға жуық үміткер өтініш білдірген болатын. Ал 2011 жылғы кезектен тыс сайлауға қатысуға ниет білдіргендердің саны қазірдің өзінде 11 адамды құрап отыр. Алда әлі 1 апта уақыт бар. Осылардың бәрін ескере келгенде, сайлауға қатысушылардың белсенділігі төмен деуге келмейді. «Бұл ретте, әрине, қандай да бір баға берудің өзі қиын. Қазіргі таңда сайлауға қатысу үшін ОСК-ға өтініш берген азаматтардың арасында Президенттікке кандидат ретінде тіркелу мүмкіндігі мол азаматтардың қатарында осы уақытта қол жинау жұмыстарын бастап кеткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Сәлім Өтенді және Мұсағали Дуамбековты атауға болады,-деді Б.Мелдешов.