Кезектен тыс Президенттік сайлауға қатысқысы келетіндердің қатары көбеюде

АСТАНА. 18 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Елімізде 3 сәуірде өтетін кезектен тыс Президенттік сайлауға қатысқысы келетіндердің қатары көбеюде. Кеше кешкісін Орталық сайлау комиссиясына сайлауға қатысқысы келетін Мейрамкүл Қожағұлова есімді азаматша өтініш берді.

Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметінен хабарланды.

Баспасөз қызметкерлерінің мәліметінше, өтініш берген адам 1961 жылы туылған, Ақтөбе қаласының тұрғыны, Ақтөбедегі қоғамдық бірлестіктердің бірінің жетекшісі болып жұмыс істейді. Бұл үміткер 2005 жылы өткен Президенттік сайлауға қатысу үшін өтініш берген, алайда мемлекеттік тілден емтиханнан өте алмаған.

Соған қарамастан, Мейрамкүл Қожағұлова биыл кезектен тыс Президенттік сайлауға қатысуға тағы да өтініш беріп отыр. Себебі, 2005 жылы емтиханнан өте алмаған ол ақпарат құралдарының өкілдеріне келесі сайлауға тағы түсетіндігін мәлімдеген болатын.