Кезектен тыс Президенттік сайлауға қатысу үшін тағы екі адам өтініш берді

АСТАНА. 16 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 3 сәуірге белгіленген кезектен тыс Президенттік сайлауға қатысу үшін тағы екі азамат Орталық сайлау комиссиясына өтініш түсірді.

ОСК-ның мәліметтері бойынша, өтініш білдіргендердің бірі 1954 жылы туылған жамбылдық Гүлдана Тоқбаева. Екіншісі 1957 жылы туылған алматылық Мая Қарамаева. Әзірге ОСК-да бұл азаматтар туралы өзге мәлімет жоқ.

Осылайша, 16 ақпандағы жағдай бойынша 3 сәуірге белгіленген кезектен тыс Президенттік сайлауға қатысу үшін Орталық сайлау комиссиясына өтініш түсірген азаматтардың саны - 13 адамды құрады. Олардың 2-уін, яғни "Кенесары хан" қоғамдық қорының президенті Уәлихан Қайсаров пен Астана қаласының тұрғыны, уақытша жұмыссыз Қанат Есжановты Орталық сайлау комиссиясы мемлекеттік тілді жеткілікті деңгейде меңгермегендеріне байланысты ҚР Президенгттігіне үміткер ретінде тіркеуден бас тартып, тиісті қаулы қабылдады. Ал тағы бір үміткер павлодарық зейнеткер Зәуре Масина сайлауға түсу жөніндегі өтінішін қайтарып алды.

Айта кетейік, Президенттіктен үміткерлер ретінде өтініш берген азаматтардың екеуі саяси партиялардың атынан сайлауға түспек ниетте. Атап айтқанда ОСК-ға осыған дейін «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы ұсынған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өтініш берді. Одан кейін Қазақстанның Коммунистік Халықтық партиясы атынан партияның хатшысы Жамбыл Ахметбеков құжат тапсырды. Ал қалған үміткерлер өздерін өздері ұсынғандар.

Бүгінге дейін үш кандидат, атап айтқанда қазіргі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, заңгер Сәлім Өтен және эколог-ғалым Мұсағали Дуамбеков лингвистикалық комиссияның сынынан сүрінбей өтті және өздерін қолдаған сайлаушылардың қолдарын жинауға кірісіп кетті. ОСК қабылдаған қаулыға сәйкес, ҚР Президенттігіне кандидатты қолдаған расталған қолдардың саны 91 010 қолды құрауы тиіс.

Ал Президенттік сайлауға қатысуға өзін-өзі ұсынған қалған кандидаттар мыналар: «Нұр Ислам» туристік фирмасының директоры, Алматы облысының тұрғыны Қанат Турагелдиев, Павлодар облысының 55 жастағы тұрғыны, уақытша жұмыссыз Нұрсила Күсетайұлы, «Бастион- Аст» күзет агенттігі» ЖШС-де күзетші болып істейтін 48 жастағы Толыбай Баймурзин, «Аттан, Қазақстан» қозғалысының жетекшісі Амантай қажы Асылбек. Айта кетейік, Амантай қажы Асылбек сайлауға қатысуға өтініш білдіргенімен қатарынан екі рет лингвистикалық комиссияның отырысына келмей қалды.