Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасына байланысты сөз сөйлеген сенатор Өмірбек Байгелди осылай мәлім етті.
«Біраздан бері Елбасының өкілеттігін ұзарту жөнінде қызу жұмыс жүргізілгені белгілі. Реті келмейтін жолдан бас тартқан Президент, басқаша ұсынысты көлденең тартты. Әрине, референдумның бүгінгі қолдаушысы 5 млн. адамнан асқан болса, оның нәтижесі қалай болатыны да түсінікті еді. Егер өз мезгіліне дейін күтіп барып сайлау өткізілсе де бүгінгі қызметтегі Елбасы сөзсіз жеңіске жетеді. Кесіп айтуға құқымыз болмаса да саясаткер ретінде сеніммен айтатын жайымыз баршылық. Кезектен тыс сайлаудағы басым дауыстың иегері де Елбасы болатыны даусыз. Шындығында, көпшілік саясаткерлер сайлау сайын халқының басым дауысын иелене беретін Назарбаев феноменіне таңырқайды. Бұндағы себеп - ел болып жеткен жетістік», - деді сенатор.
Оның айтуынша, Қазақстан бір кездері әлсіреген әлсіз елден бірден өркениеттер көшіне іліге алды. «Біздің халық өзінің Тұңғыш Президентінің ерен ерлігін де, сіңірген еңбегін де еш ұмытпайды. Биліктен үміт етіп жүргендер болса да оларға кезек келер, бәлкім оларды да бір кездері ел-жұрты таңдар. Алайда, Елбасы тақта отырғанда, Президент атта отырғанда халық бетін басқа жаққа бұра алмасы анық. Жол -Нұрсұлтандікі», - деді Ө. Байгелді.