Сөз арасында кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы бастама дер кезінде көтерілгеніне тоқталған Сенат спикері, мұның әлемде орын алып отырған шиеленістер мен жаһандық экономикадағы тұрақсыздық жағдайында еліміздің дамыған елдердің қатарына кіру мақсаты тұрғысынан маңызды екенін атап өтті. «Барша қазақстандықтар кеңінен қолдау көрсетіп отырған бұл ұсыныстың ел бірлігі мен ынтымағын арттырып, ішкі саяси тұрақтылықты сақтап қалудағы орны ерекше болмақ. Сондықтан да, тарихтың сан қилы кезеңдерін абыроймен еңсере білген қазақстандық қоғам әлемдік жүйедегі қазіргі құбылмалы жағдайда Елбасымен бірге жұмыла отырып, Президент межелеген ауқымды істерді одан әрі жалғастыруы қажет. Бүгінгі күні отандастарымыз әлемде беделі артып отырған Қазақстанның қол жеткізген биік белестерін әрдайым Елбасының есімімен тікелей байланыстырады. Президенттің халық игілігі жолындағы сіңірген қызметіне әділ бағасын беріп, риясыз сенеді», деді Қ. Тоқаев.
Палата Төрағасы кезектен тыс президенттік сайлаудың қажеттілігін терең сезінетінін де алға тартады.
Айта кетейік, отырыс барысында Парламент Сенатының депутаттары Президент атына Үндеу жолдап, онда кезектен тыс Президент сайлауын тағайындау туралы мәселені қарастыруды сұрады.