ҚФФ кәсіби турнирлер күнтізбесін құруда жасанды интеллект жүйесін енгізіп жатыр

Фото: ҚФФ

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан футбол федерациясы футбол жарыстарының күнтізбесін жасау кезінде жасанды интеллект технологияларын қолданатын инновациялық тәсіл іске қосылғанын хабарлайды. Бұл туралы ҚФФ-ның баспасөз қызметі хабарлады. 

9 ақпанда күнтізбені жасау шарасы жоспарланды. Оған футбол клубтарының өкілдері онлайн түрде қатысады. Талқылау мен келісу нәтижелері бойынша дайындалған күнтізбе Қазақстан футбол федерациясының Атқарушы комитетінің бекітуіне жіберіледі.

Жоба Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған заманауи цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгізу міндеттері аясында жүзеге асырылып жатыр.

Жасанды интеллект Қазақстан Премьер-лигасы, Бірінші және Екінші лигалар, сондай-ақ әйелдер арасындағы футбол турнирлерінің жарыс күнтізбесін жасау кезінде қолданылады. Шешім отандық мамандардың дайындауымен, адами фактор қатысуын болдырмайтын, кеңейтілген параметрлерді ескеруге мүмкіндік беретін классикалық Бергер кестесіне негізделе отырып жасалды.

Алгоритм стадиондардың қолжетімділігі, түрлі ауа-райы, клубтардың еурокубоктарға қатысуы, ФИФА-ның халықаралық күнтізбесі, үйдегі және сырт алаңдағы матчтардың жоспарлануы, инфрақұрылымның жалпы жүктемесі, ірі қалалық іс-шаралардың өткізілуі, сондай-ақ қауіпсіздік мәселелері мен жекелеген матчтарға ерекше назар аудару қажеттілігін қоса алғанда, спорттық және ұйымдастыру шарттарының ауқымын ескереді.

Жасанды интеллектті пайдалану бірнеше күнтізбе нұсқасын модельдеуге, қабылданатын шешімдердің салдарын болжауға және оперативті түрде өзгерістер енгізуге мүмкіндік береді. Бұл маусым кезінде матчтарды кейінге қалдыру жағдайын едәуір төмендетеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін биыл 12 спорт нысаны салынатынын жазған едік.