Ал сәуірдің 21 күні еліміздің барлық өңірлерінде болып қайтқан «Қазақстан халқы Ассамблеясы - 20 ізгі іс» эстафетасының символы - Тайқазан Астана қаласына қайта жеткізіледі. Акция барысында ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, балалар үйінің тәрбиеленушілері еліміздің барлық өңірлерінде болды. ОКҚ өткен брифинг барысында ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» қорының директоры Наталья Калашникова мәлім еткендей, бүгінгі таңда «ҚХА - 20 ізгі іс» акциясы аясында 35 мыңнан астам адамға көмек көрсетілді, 620 000 астам адам қатысқан 2 500-ден артық шара өтті. Акция жыл соңына дейін жалғасады. - Сәуірдің 21-і күні тайқазан Қарағанды облысынан Астанаға қайтарылады. Ол Бейбітшілік және келісім сарайына орналастырылатын болады. Сол жерде ҚХА XXII сессиясына қатысушылар Қазақстанның әр өңірінде атқарылған ізгі істер тізбегімен таныса алады. Біз алдын-ала қорытынды шығарып қойдық. Тайқазан 1652 елді мекенде болды, ол жерлерде барлығы 2 514 шара өткізілді. Бұл уақыт аралығында 2 млрд теңгеге түрлі топтағы тұрғындарға көмек көрсетілді: балабақшалар, спорттық кешендер ашылды, яғни жаңа жұмыс орындары пайда болды, пәтер кілттері де табысталды, - деді Н.Калашникова. Ал наурыздың 23-і күні елордалық теміржол вокзалынан аттанған «Менің Қазақстаным» пойызы 22 сәуірде Астанаға қайтып оралады. Кәсіби дәрігерлер, мәдениет қайраткерлері мен шығармашылық ұжымдардан құралған экипаж еліміздегі қалаларды аралап, тұрғындармен кездесіп, концерттер қойды.
21:33, 18 Сәуір 2015
«ҚХА-20 игі іс» эстафетасының символы - Тайқазан Астанаға оралады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында «Mәңгілік ел: бір ел - бір тағдыр» тақырыбын арқау еткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясы өтеді. Оған 1500 астам адам қатысады, деп хабарлайды astana.kz.