«ҚХА - 20 ізгі іс» эстафетасының символы - «Тайқазан» Астанаға оралды - ВИДЕО

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Бейбітшілік және келісім сарайы алдындағы алаңда «Қазақстан халқы Ассамблеясы - 20 ізгі іс» республикалық эстафетасының символы «Тайқазанды» салтанатты түрде қабылдау рәсімі өтті.

«6 ақпаннан бастап еліміздің барлық облыстарын аралап шыққан «Тайқазан» Астана қаласына келіп отыр. Астана - ол бейбітшіліктің қаласы, елдіктің шаһары. Сондықтан «Тайқазанның» елордаға қайтып оралуын заңды деп ойлаймыз. Біздің шаңырақ - бірліктің символы, ал «Тайқазан» осы шаңырағымыздың жылуын қамтамасыз ететін, елдің басын қосатын, бірлікке жол салатын символ ретінде танылды. Осы орайда осы үлкен нышанның Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы ерекше орын алуы да бекер емес»,- деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов.

Оның сөзіне қарағанда, «ҚХА-20 ізгі іс» акциясы барысында 35 мың адамға нақты көмек көрсетіліп, 620 мыңнан астам адамның қатысуымен 2,5 мың қайырымдылық шаралар ұйымдастырылды. Акция аясында ҰОС ардагерлеріне, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау жасалды. Сонымен қатар оның барысында әлеуметтік маңызы бар нысандар ашылып, барлық аймақтарда жастардың ұйымдастыруымен отансүйгіштік шаралары өтті.

Еске сала кетсек, ағымдағы жылдың 6 ақпанында Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы бастау алған болатын. Сол кезде астаналықтар «Қазақстан халқы Ассамблеясы - 20 ізгі іс» республикалық эстафетасының символы «Тайқазанды» ақмолалықтарға салтанатты түрде тапсырған еді. Енді барша Қазақстан өңірінде болған «Тайқазан» бүгін Астанаға айналып келді. Осы орайда мерекелік шарада бейбітшілік пен бірліктің идеясын арқау еткен театрландырылған қойылым ұйымдастырылып, оны елорда тұрғындары тамашалады. Мұнымен қоса қаланың шығармашылық топтары мен этномәдени бірлестіктері мерекелік концертті өткізді.