ҚХА Кеңесі: Қоғамдағы тұрақтылық пен келісім - Тәуелсіз еліміздің басты құндылығы

АСТАНА. 1 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі бүгінгі мейрамға орай ел халқына құттықтау жолдады.

 «Әр жыл сайын мамыражай мамырдың 1-ші жұлдызында елімізде ырыс пен ынтымақтың айтулы мерекесі Қазақстан халқының бірлігі күні атап өтіледі.

Бұл жарқын мереке халқымыздың игі дәстүріне, Ел Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев қалыптастырған бейбітшілік пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісінің көрнекті символына айналды.

Бейбітшілік, Достық, Келісім - бұл сөздердің төркіні терең. Бұл туған жерге деген ыстық ықыласты, сенім мен толеранттылыққа толысқан қоғамды, Отанға деген сүйіспеншілік сезімді, жалпыұлттық келісімді айшықтайды. Алтын арайлы шаңырақ астына ұйысқан халқымыз барша әлемге бірлік пен өркендеудің үлгісін көрсетіп отыр.

Қоғамдағы тұрақтылық пен келісім - бұл Тәуелсіз еліміздің басты құндылығы, сондай-ақ ел дамуының негізгі шарты.

Баршаңызды Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесімен құттықтауымызды қабыл алыңыздар! Сіздерге денсаулық, бақыт, береке, ырыс, ынтымақ тілейміз!

Елдігіміз еңселі, мемлекеттігіміз мәңгі болсын!», делінген құттықтауда.