Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктер, жобаның өңірлік жеңімпаздары мен қатысушылары, Шоқан еңбектерін зерттеушілер, шығармашылық және ғылыми зиялы қауым, Астана қаласы кітапханаларының қызметкерлері қатысты.
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ҚХА кафедрасының меңгерушісі, ҚХА мүшесі Анатолий Башмаков өз сөзінде аталмыш іс-шараның өзектілігіне тоқталды. «Бүгін, ҚХА жылы аясында ерекше рухани іс-шара өтуде. Мұндай жобалар біздің бойымызда ең игі рухани және адамгершілік қасиеттерді қалыптастырады», - деді ол.
Іс-шара барысында жоба жеңімпаздарының жұмыстары таныстырылды, сарапшылардың пікірлері тыңдалды, сондай-ақ қатысушылардың назарына Ш.Уәлихановтың ғылыми мұрасы бойынша дайындалған тақырыптық көрме ұсынылды.
М.В.Ломоносов атындағы ММУ қазақстандық филиалы директорының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Жалпы тіл білімі мен аударма теориясы» кафедрасының профессоры Нұрсұлу Шаймерденова «Менің Шоқаным» жобалар байқауын ұйымдастырған Қазақстан халқы Ассамблеясына үлкен алғысын айтты. «Бүгінгі жоба қатысушыларының еңбектері Шоқан Уәлиханов секілді біртуар азаматтың тұлғасын одар әрі аша түседі»,-деді ол.
«Менің Шоқаным» жобалар байқауының қорытындысы бойынша Әулиекөл аудандық кітапханасының әдіскері Фатима Исмаилова және Қостанай облысының «Әулиекөл аудандық кітапханасы» мемлекеттік мекемесі балалармен жұмыс бойынша директор орынбасары Людмила Данилюк І-орын иегерлері атанды.
ІІ-орынды Степногор қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі еншіледі. Ал Н.Островский атындағы орталық қалалық кітапхана (Қостанай қ.) ІІІ орынға ие болды.
Іс-шара соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының алғыс хаттары тапсырылды.
Еске ала кетсек, бұл жобаны жүзеге асыру туралы 2015 жылғы сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы аясында ұйымдастырылған Республикалық акция - «Менің Қазақстаным!» пойызы барысында Алматы облысы Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзекте Ш. Уәлиханов атындағы «Алтын емел» мемлекеттік мемориалдық мұражайында жарияланды.
Жоба еліміздің барлық облыстары мен қалаларында өтті. Облыстар мен Астана, Алматы қалаларында ұсынылған жобаларға іріктеу жасалып, республикалық деңгейге 18 жоба жолданды.
Жобалардың мазмұны Ш. Уәлихановтың өмір жолы мен қызметі туралы білімді тереңдетіп жинақтауға, оның тұлғалық көп қырлылығын ашуға, жастардың бойында патриоттық рухты және Отанға деген сүйіспеншілікті, мақтаныш сезімі мен жауапкершілікті тәрбиелеуге бағытталады.