ҚХА мүшелері Қазақ-Түрік лицейінің құрылысымен танысты

АСТАНА. 1 шілде. ҚазАқпарат. 1 шілде күні Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Алматы облысы, Талғар ауданы, Талғар қаласында болып, құрылысы жүріп жатқан, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған 480 орындық және 300 адамдық жатын орны бар Қазақ-Түрік лицейінің құрылысымен танысты.

Әлеуметтік жаңару салысындағы осы жоба Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған іс-шаралар аясында, өзінің тарихи отанынан арнайы шетелдік инвестиция тартуды қамтамасыз еткен «Ахыска» Қазақстан түріктерінің қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігімен (басшысы Зиятдин Исмиханович Касанов) іске асыруда.

Құрылыспен танысу барысында Е.Тоғжанов әлеуметтік жауапкершілік және қоғамды әлеуметтік жаңарту мәселелері Ассамблея қызметінің басты назарында тұр деп атап өтті. Ол бұл жобаның бірінші емес екенін, бұның алдында Қазақстан халқы Ассамблеясы су тасқынынан зардап шеккен Алматы облысының Қызылағаш ауылын қалпына келтіруге белсенді қатысқанын, қазір Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынан зардап шеккендерге қолдау көрсету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын еске салды. 2009 жылы Қазақстан студенттері альянсымен бірлесе әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарға, қарттар мен мүгедектерге көмек көрсету жөніндегі «Қамқор» акциясы өткізілген болатын. Аймақтарда ассамблея мүшелерінің балалар үйлері мен қарттар үйлеріне қолдау көрсету бойынша жұмыстары ұдайы жүргізіліп келеді.

З.Касанов қонақтарды құрылыс барысымен таныстырып, Ассамблея мүшелері Мемлекет басшысының этномәдени бірлестіктерді қоғамды әлеуметтік жаңарту ісіне тарту жөніндегі тапсырмасын толық қолдайтындығын атап өтті.

Нысанның берілуі 1 қыркүйекке жоспарланған.