ҚХА мүшелері Шаханда отбасынан айырылған 7 жасар қыздың арманын орындамақ

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Шахандағы оқиға кезінде отбасынан айырылған 7 жастағы Полина Андроповаға қол ұшын созбақ. Полинаның ата-анасымен кішкентай сіңілісі апат кезінде үйінді астында қалған еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз Шаханда зардап шеккен отбасыларға бардық. Андроповтар отбасының туыстарымен кездесу кезінде, кішкентай Полина бізден ештеңе сұрамады. Шамасы оқиғадан әлі есеңгіреп жүр. Қыз тек пианино туралы, енді музыкалық мектепке аспапсыз баратынын айта берді», - дейді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, ҚХА мүшесі, Қарағанды облысындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Нұрлан Дулатбеков.

Облыстағы этномәдени бірлестік пен Қоғамдық келісім мүшелері Полинаның арманын орындау үшін қажетті қаражатты  жинап қойды.

«1 қаңтар күні Шаханда орын алған қайғылы оқиға әрбір қазақстандықтың жүрегін ауыртты. Көмек барлық облыстардан келіп жатыр. Аймақтағы этномәдени бірлестіктер де қалыс қалмай, оқиғадан зардап шеккен отбасылардың біріне қол ұшын созуды жөн санады, - дейді «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Увайс Джанаев. - Андроповтар отбасында кішкентай қыз қалды. Ол музыкалық мектепте оқиды, болашақта пианиношы болуды армандайды. Біз оған пианино сатып алмақпыз. Ақша жиналып жатыр, қазір 500 мың теңге көлемінде қаражат жиналды».

Айта кетейік, Шахандағы оқиға кезінде Андроповтар отбасынан тек 7 жастағы Полина ғана аман қалды. Кішкентай қыз туысқан ағасымен басқа бөлмеде болған. Абырой болғанда, ол бөлме зақымданбаған. Қазір Полина әжесімен бірге тұрады. Әжейдің айтуына қарағанда, Полина қайғылы оқиғаны әлі ұмытар емес, кейде «үйдің едені қирап кетпей ме?» деп сұрап қоятын көрінеді.  

Еске сала кетсек, 1 қаңтар күні 22 сағат 40 минуттар шамасында Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментіне Шахан кентінде көпқабатты үйдің құлағаны жөнінде арнайы хабар келіп түскен. Оқиға орнынан төтенше жағдайлар қызметінің күш-құрылымдары мен арнайы техникалары жөнелтіліп, тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жүргізілді.

Қираған үйдің үйінділерінен 9 адамның мәйіті табылды. Олардың үшеуі ер адам, үшеуі әйел адам, тағы үшеуі балалар. Ресми тізімді Қарағанды облысының төтенше жағдайлар қызметі ұсынды.

Қираған үйге қатысты материал ҚР ҚК 292-бабы 3-бөлігі бойынша бірыңғай сот алды тергеу  тізіліміне тіркелді.

Құлаған үй 1987 жылы салынған. Әкімдіктің ақпаратына сәйкес үйде 118 адам тұрған. Құлаған кіреберісте 25 тұрғын болған.