ҚХА Олимпиада ойындарына қатысып жатқан Ұлттық құраманы толағай табыстарымен құттықтады
«Қадірлі біздің толағайлар! Қазақстан халқы Ассамблеясы Лондонның төрінде ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында тамаша өнер көрсетіп жатқан Ұлттық құраманы шын жүректен құттықтайды! Біз сіздердің жарқын да айқын жеңістеріңізге, спорттағы қайсарлықтарыңыз бен ерік-жігерлеріңізге, алға қойған мақсатқа жетудегі табандылықтарыңызға шексіз қуанудамыз. Сіздердің арқаларыңызда, жоғары деңгейдегі әлемдік спорттық додада еліміздің жеңісінің белгісі ретінде Қазақсанның көк байрағы желбіреп, Ұлттық Әнұранымыз шырқалуда. Сіздердің жеңістеріңіз, бұл Қазақстан халқының жеңісі. Сіздер, Қазақстанның саңлақ спортшылары, біздің жігерлі күрес пен асқақ жеңістерге толы Ұлттық Рухымызды паш еттіңіздер», - делінген құттықтауда.
Сондай-ақ, ХХХ Олимпиада ойындарында қазақстандық құрама жоғары патриотизм, жеңіске жетудегі жігерлілік, табандылық пен қайсарлық үлгісін көрсеткені атап өтіледі.
«Сіздердің жеңістеріңіз бұл елімізде әлемдік дәрежедегі спортшыларды дайындауға, спортты дамытуға барлық жағдайды жасаған Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың спорт саласына деген қамқорлығының және қолдауының жарқын дәлелі. Жеңісті сәттер бұл Ұлт көшбасшысы жүргізген сындарлы саясаттың жаңа табысты белестері мен биік асулары. Сіздер Қазақстан халқының ажырамас бірлігіне үлкен үлес қосудасыздар. Бүгінгі таңда барша қазақстандықтар жерлес спортшылардың әр жарыс жолына түсуін зор тебіреніспен және мақтаныш сезімімен бақылап, жеңіс тілеуде. Александр Винокуров, Зульфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова, Илья Ильин, Ольга Рыпакова сияқты жарқын есімдер қазір барлық жерде риза көңілмен айтылуда. Сіздерді еліміз мақтан тұтады. Қазақстанның ұлттық Олимпиада құрамасы әрі қарай да Отанымыздың спорттық намысы мен беделін лайықты қорғайтынына кәміл сенімдіміз. Сіздерге биіктен көріне беруді, әдемі де даусыз жеңіске жетуді тілейміз! Жарайсыңдар, олимпиада батырлары!», делінген құттықтауда.