ҚХА журналистер арасында «Шаңырақ» байқауын жариялады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясы жыл сайын журналистика саласында өткізілетін «Шаңырақ» шығармашылық конкурсын жариялады. Оған телевизия, радио және баспасөз тілшілері қатыса алады.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы этножурналистика саласындағы «Шаңырақ» атты байқауға қатысу үшін материалдарды қабылдаудың басталғанын жариялайды. Ұсынылатын материалдардың мазмұны рухани келісім идеяларын, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мен насихаттауға бағытталуы қажет. Сонымен қатар ұсынылатын материалдар Қазақстан Республикасындағы ұлтаралық қатынастардың әр түрлі қырларын қамтып, этномәдени бірлестіктердің, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен кіші ассамблеялардың қызметін баяндап, Қазақстан халқының мәдениетін дамытуға атсалысуы қажет», делінген Қазақстан халқы Ассамблеясының сайтында. 2015 жылғы байқау бес номинация: «Қазақстандық патриотизмді нығайту», «Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру», «Ұлтаралық достық пен татулықты бекіту», «Қазақстандағы ұлттардың мәдениеті мен дәстүрін дамыту», «Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін түсіндіру» аталымдары бойынша өтеді.

Байқауға қатысуға өтініштер қазанның 25-іне дейін қабылданады. Ал байқау қорытындысы ағымдағы жылдың қарашасында ҚХА халықаралық медиа-форумы аясында жарияланады.