ҚХА журналистер мен сарапшылар клубын жастар басқаруы тиіс - Ғ.Шалахметов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясының Журналистер мен сарапшылар клубын жастар басқаруы тиіс. Бұл пікірімен елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен отырыста клуб төрағасы Ғаділбек Шалахметов бөлісті.

«Клубты жастар басқаруы тиіс. Біз, аға буын оларға кеңес беріп, жастар жұмыс істеуі қажет. Ассамблеямен бірлесіп осы жағын ойластырсақ деймін», - деп ұсыныс білдірді ол. Ғ.Шалахметов Қазақстанда 15 тілде 60 БАҚ (оның ішінде 37 газет, 26 сайт) жұмыс істейтінін айтып өтті. Газет-журналдар 11 тілде шығады, радиохабар таратылымы 8 тілде, телехабар тарату 7 тілде жүргізіледі. «Ассамблея жанында «Достық» журналы жарық көреді. Осыған қосымша шығару қажет. Әрі, егер қазақстандық республикалық газеттерде аптасына бір рет басқа этнос басылымдарынан материалдар жарияланса, құба-құп болар еді. Республикалық басылымдарда олардың мақалалары жарық көріп тұрса, бұл түрлі этонстардың мақтаныш сезімін оятады», - деді журналистік клуб төрағасы.