КХДР-да Корея Еңбек партиясының 70 жылдығына арналған салтанатты шаралар басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - КХДР-да Корея Еңбек партиясының 70 жылдығына арналған салтанатты шаралар басталды. КХДР-ға көптеген делегациялар, соның ішінде, Ресей, Қытай, АҚШ, Канада, Австралия, Жапония және басқа да елдерде тұратын корейлер келді, деп хабарлады ТАСС.

КХДР жетекші партия, мемлекет және әскери қайраткерлері Пхеньянның орталығындағы Ким Ир Сен мен Ким Чен Ирдің ескерткіштеріне Корея Еңбек партиясының 70 жылдығына орай гүл шоқтарын қойды.

10 қазанда КХДР билігі елде орасан зор фестивальдар мен маңызды саяси шараларды ұйымдастырмақ.

Ким Ир Сен атындағы орталық алаңда әскери парад, мерекелік көркем-спорттық жастар қойылымы және еңбекшілер шеруі өтеді. Концерт алаңдарында елдің ең үздік шығармашыл ұжымдары өнер көрсетеді. Көшелер мерекелік алқызыл тулармен безендірілген.

КХДР көшбасшысы Ким Чен Ынға ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин құттықтау жолдады.

Көптеген өнеркәсіп кәсіпорындары партияның мерейтойына өздерінің жылдық жоспарларын мерзімінен бұрын орындағандары туралы рапорт беруде.