КХДР-дың артиллериялық снаряды жолаушылар ұшағына тие жаздады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Корей Халық Демократиялық Республикасы ұшырған артиллериялық зымыран Қытайдың жолаушылар ұшағын маршрутына тақау өтті, деп хабарлады CNN телеарнасы Оңтүстік Корея Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Айта кетейік, сейсенбі күні КХДР 7 артиллериялық снаряд ұшырып, оның барлығы да теңізге құлаған болатын. Бақылаушылар бұл ұшырылымдарды АҚШ пен Оңтүстік Кореяның бірлескен оқу-жаттығуымен байланыстыруда.

Оңтүстік Корея Қорғаныс министрлігінің өкілі Ким Мин Соктың мәлім етуінше, зымыран ұшырылғаннан кейінгі жетінші минутта снарядтардың бірі Жапониядан Қытайға бағыт алып бара қатқан бортында 220 жолаушы бар қытай ұшағының траекториясын кесіп өткен.

«Өте қауіпті жағдай орын алды. Солтүстік Кореяның мұндай арандатушылық іс-әрекеті әуе навигациясының халықаралық ережесін бұзып, азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіреді», - деді ол.