КХДР-ге қатысты санкция талаптарын бұзғандардың қатарында Қазақстан азаматы бар - БҰҰ

АСТАНА. 15 мамыр. ҚазАқпарат - БҰҰ Қауiпсiздiк кеңесi комитетiнiң сарапшылары КХДР үшiн контрабандалық қару-жарақ бойынша мәмiле жасасты деп күдiк келтірілген 3 заңды және 12 жеке тұлғаға қатысты санкция енгiзу қажет деп есептейдi.

Ресейдiң "Жаңалықтар" агенттiгi хабарлағанындай, КХДР-ге қарсы санкция мамандарының пiкiрiнше, аталған санкцияға тартылуы тиiс азаматтардың қатарында 9 солтүстiк корейлiк азамат, бiр Қазақстан азаматы және екi украиндық бар.

Сонымен бiрге мамандардың атап өткенiндей, санкция 3 солтүстiк корейлiк ұйымға енгiзiлуi қажет.

"Санкциялар КХДР-дiң ядролық және баллистикалық қаруды шығару бағдарламасын тоқтатқан жоқ, алайда солтүстiк корейлiк жобаларды бiршама тежедi", - делiнген мамандардың баяндамасында.

Сондай-ақ БҰҰ КХДР-ге қатысты енгiзiлген қаржылық санкциялар мен қару-жарақ эмбаргосы тыйым салынған бағдарламаларды қаржыландыруға жұмсалуы мүмкiн мемлекеттiң қосымша қаражат көзiн жауып тастады деп есептейдi.