Сейсенбі күні КХДР Сыртқы істер министрі Цой Сон Хи ресейлік әріптесі Сергей Лавровпен келіссөздер жүргізді. Онда тараптар екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, сондай-ақ екі ел арасындағы халықаралық деңгейдегі өзара іс-қимылды, соның ішінде Корей түбегіндегі және жалпы Солтүстік-Шығыс Азиядағы жағдайды талқылады.
Сергей Лавров 2023 жылдың қыркүйегінде «Восточный» ғарыш айлағында Ресей президенті Владимир Путин мен КХДР мемлекеттік істер төрағасы Ким Чен Ынның кездесуі барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру бойынша жұмыстың алдын ала қорытындыларын шығару қажеттігін атап өтті.
Өз кезегінде КХДР СІМ басшысы екі ел арасындағы мемлекетаралық қарым-қатынас 2024 жылы жаңа деңгейге көтерілетініне сенім білдірді. Осыған орай, жоғары деңгейлі байланыстарды жандандырып, түрлі саяси-мәдени шараларды өткізуге қызығушылық білдірді.
Ол сондай-ақ, Ким Чен Ынның 2023 жылғы қыркүйектегі Ресейге сапарының нәтижесін еске алды.
- КХДР Мемлекеттік кеңесінің төрағасы Ким Чен Ын мен Ресей президенті Владимир Путин алдағы уақытта әртүрлі саладағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, өзара байланысты жоғары деңгейде дамытуға, екі ел халықтарының әл-ауқатын арттыру, сондай-ақ екіжақты қатынастарды одан әрі кеңейтуді жалғастыруға уәделесті, - деді Солтүстік Корея СІМ басшысы.
Кездесу барысында КХДР СІМ басшысы өткен жылдың қыркүйек айында Ким Чен Ын Ресей басшысын өзіне ыңғайлы уақытта Пхеньянға келуге шақырғанын еске салды.
РФ басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песков БАҚ-қа берген сұхбатында сапардың ықтимал күнін атамады, бірақ оның егжей-тегжейлері келісілгеннен кейін жақын болашақта болатынын атап өтті.
Сол күні екі елдің сыртқы істер министрлері Кремльде өткен кездесуде Ресей президенті Владимир Путинді консультациялардың нәтижесі туралы хабардар етті.