«Зымыран шығыс жағалаудағы Вонсан қаласы ауданынан солтүстік-шығыс бағытқа қарай атылды», - дейді КҰШ баспасөз хатшысы Ом Хё Сик. - Біздің қарулы күштеріміз жағдайды жіті бақылауға алды, осыған байланысты қосымша шаралар қолданатын болады».
Сарапшылар бағасы бойынша, атқылау жақын қашықтықтағы зымыранға лайықталған 300 мм калибрлі KN-09 атыс қаруымен реактивті жүйені жетілдіру шеңберіндегі сынақ ретінде жүргізілген. Оңтүстік Корея әскерилерінің мәліметі бойынша, ату жергілікті уақытпен 09:30 сағатта жасалған. Зымыран 220 шақырым қашықта, теңіздің үстіне құлаған.
«Ренхап» агенттігі штаб офицерлерінің бірінің: «Шамасы, Солтүстік өзінің қаруының күшін көрсетуге тырысып, онымен ойнауды жалғастырып жатқан сияқты», - деген сөзін келтіреді.
Сеул қазір мұндай сынақтарды талай мәрте барып қадағалаған Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның бұл жолы зымыранды атуға қатысқан-қатыспағанын анықтауға талпынып жатыр. «КХДР үстіміздегі жылы барлығы 105 зымыран атты», - делінген хабарламада.