АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 25 қыркүйекте Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Ак Барс» (Қазан) командасына қарсы өткізеді.
Екі команда бұған дейін 55 мәрте кездескен. Оның 10-ы елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалған ойында қарсылас команда жеңіске жеткен.
Кейінгі бес кездесудің барлығында қазақстандық клуб аталған қарсыласына есе жіберді.
Биыл «Барыс» жеті кездесудің үшеуінде жеңіске жетіп, қалғанында қарсыластарына есе жіберді.
Ал «Ак Барс» жеті кездесудің екеуінде ғана қарсыласын қапы қалдырды.
Турнир кестесінде «Барыс» 7 ұпаймен 17 орында тұрса, «Ак Барс» 5 ұпаймен 20 орынды місе тұтып тұр.
Енді елордалық клуб алдағы төрт ойынын Астанада өткізеді. Алдымен 25 қазанда Ресейдің «Ак Барс» (Қазан) командасын қабылдаса, одан кейін 27 қыркүйекте «Сибирь» (Новосібір), 29 қыркүйекте «Адмирал» (Владивосток), 1 қазанда «Локомотив» (Ярославль) командаларымен кездеседі.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» овертаймда минскілік «Динамоға» есе жіберді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.