ҚХЛ: «Барыс» бүгін елордада «Лада» клубымен ойнайды
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 15 ақпанда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Лада» (Тольятти) командасына қарсы өткізеді.
Ойын елорда уақытымен 16:50-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Екі команда бұған дейін 21 мәрте кездескен. Оның жетеуі елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік команда жеңіске жеткен.
Кейінгі бес кездесудің төртеуінде қазақстандық клуб аталған қарсыласына есе жіберді.
Қазір турнир кестесінде «Барыс» 29 ұпаймен 23-орында тұрса, «Лада» 42 ұпаймен 20-орында келеді.
Айта кетсек, елордалық клуб бұдан кейінгі үш ойынын елордада өткізеді. Алдымен 17 ақпанда «Металлург» (Магниогорск) клубымен ойнаса, 20 ақпанда «Северсталь» (Череповец), 22 ақпанда «Адмирал» (Владивосток) командасымен кездеседі.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» елордада СКА командасына есе жіберді.