ҚХЛ: «Барыс» бүгін елордада «Металлург» клубымен ойнайды

Фото: Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 17 ақпанда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасына қарсы өткізеді.

Ойын елорда уақытымен 19:20-да басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Екі команда бұған дейін 74 мәрте кездескен. Оның 27-і елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік команда жеңіске жеткен. 

Кейінгі бес кездесудің үшеуінде қазақстандық клуб аталған қарсыласына есе жіберді.

Қазір турнир кестесінде «Барыс» 29 ұпаймен 23-орында тұрса, «Металлург» 70 ұпаймен 8-орында келеді.

Айта кетсек, елордалық клуб бұдан кейінгі екі ойынын елордада өткізеді. Алдымен 20 ақпанда «Северсталь» (Череповец) командасымен кездессе, одан кейін 22 ақпанда «Адмирал» (Владивосток) клубымен ойнайды.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» елордада «Лада» клубынан жеңіліп қалды.