ҚХЛ: «Барыс» бүгін елордада «Сочимен» кездеседі

Фото: «Барыс» хоккей клубы

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 21 желтоқсанда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Сочи» командасына қарсы өткізеді.

Кездесу Қазақстан уақытымен 17:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Қазірге дейін командалар 23 мәрте шеберлік байқасты. Оның 16-ы елордалық команданың басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік ұжым жеңіске жетті.

Кейінгі бес кездесудің біреуінде қазақстандық клуб аталған қарсыласына есе жіберді.

Турнир кестесінде «Барыс» 34 ұпаймен 17-орынға жайғасса, «Сочи» 23 ұпаймен 22-орында келеді.

Қазақстандық клуб бұдан кейін үш ойынын елордада өткізеді. Алдымен 23 желтоқсанда Ресейдің «Трактор» (Челябі) клубымен ойнаса, 25 желтоқсанда «Автомобилист» (Екатеринбург), 27 желтоқсанда «Амур» (Хабаровск) командаларымен кездеседі.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» қатарынан екінші мәрте жеңіске жетті.