АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 7 қазанда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Ак Барс» (Қазан) командасына қарсы өткізеді.
Кездесу Қазақстан уақытымен 21:00–де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Екі команда бұған дейін 56 мәрте кездескен. Оның 10-ы елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалған ойында қарсылас команда жеңіске жеткен.
Кейінгі бес кездесудің барлығында қазақстандық клуб аталған қарсыласына есе жіберді.
Биыл «Барыс» он кездесудің үшеуінде басым түсіп, қалғанында жеңілістің ащы дәмін татты.
Ал «Ак Барс» он кездесудің төртеуінде қарсыласын қапы қалдырды.
Турнир кестесінде «Барыс» 12 ұпаймен 17-орынға жайғасса, «Ак Барс» 13 ұпаймен 11-орында келеді.
Елордалық клуб тағы бір ойынын сырт айдында өткізіп, 9 қазанда Ресейде «Трактор» (Челябі) командасымен шеберлік байқасады.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» овертаймда «Сибирь» командасынан жеңіліп қалды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.