ҚХЛ: «Барыс» бүгін «Шанхай Дрэгонс» командасымен кездеседі

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын бүгін, 30 қазанда Қытайдың «Шанхай Дрэгонс» (Шанхай) командасына қарсы өткізеді.

Фото: «Барыс» хоккей клубы

Кездесу Қазақстан уақытымен 21:30-да басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Құрлықтық хоккей лигасы тұрақты чемпионатында «Барыс» 20 ойыннан кейін 23 ұпаймен тоғызыншы орында тұрса, «Шанхай Дрэгонс» клубы 18 ойыннан кейін 26 ұпаймен жетінші орынға жайғасқан.

Елордалық команда соңғы алты ойынның үшеуінде жеңіске жетсе, қытайлық клуб алты кездесудің төртеуінде қарсыластарын қапы қалдырды.

Екі команда арасындағы соңғы бес ойынның біреуінде елордалық клуб жеңіске жетті.
«Барыс» командасының құрамы

Қақпашылар: Владислав Нурек, Хантер Шепард, Андрей Шутов.

Қорғаушылар: Әділ Бекетаев, Дамир Бритиков, Самат Данияр, Логан Дэй, Иэн Маккошен, Джейк Масси, Бейбарыс Оразов, Чейз Приски.

Шабуылшылар: Абзал Әлібек, Әлихан Әсетов, Джастин Бэйли, Дінмұхамед Қайыржан, Кирилл Ляпунов, Мэйсон Морелли, Батырлан Мұратов, Әлихан Өмірбеков, Гарретт Пилон, Кирилл Савицкий, Асанәлі Сәркенов, Семён Симонов, Тайс Томпсон, Ансар Шайхмедденов, Аркадий Шестаков

Команда құрамынан Мәди Диқанбек пен Всеволод Логвин Астанада қалып, қалпына келу процесін жалғастырады.

Қазақстандық клуб алдағы үш ойынын Ресейде өткізеді.

Алдағы ойындар кестесі (Қазақстан уақытымен): 

  • 4 қараша, 16:00. «Трактор» (Челябі, Ресей) - «Барыс»
  • 6 қараша, 14:30. «Адмирал» (Влаивосток, Ресей) - «Барыс»
  • 8 қараша, 12:00. «Амур» (Хабаровск, Ресей) - «Барыс».

Еске салсақ, қазақстандық «Барыс» бұдан бұрын 28 қазанда Беларусьте «Динамо» (Минск) командасын жеңді.