ҚХЛ: «Барыс» елордада «Лада» клубынан жеңіліп қалды
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 15 ақпанда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Лада» (Тольятти) командасына қарсы өткізді.
Биылғы маусымда қазақстандық команда сәтсіз өткізді. Қазірдің өзінде плей-офф сатысына шығу мүмкіндігінен құр қалды. Команда құрамында негізінен жастар ойын көрсетіп жүр. Соған қарамастан бүгінгі кездесуде олар жеңіске жетуге бар күшін салды.
Ойынның 10-минутында «Лада» хоккейшісі Никита Михайлов есеп ашқан еді. Одан кейін елордалық клубтан Мстислав Шипилин 23, Кирилл Ляпунов 25-минутта екі шайба соғып кетті.
Ал ресейлік клубтан Никита Михайлов 50-минутта тағы бір мәрте көзге түссе, одан кейін Алексей Ожгихин 58, Дмитрий Кугрышев 58-минутта мергендік танытты.
Осылайша елордалық клуб қарсыласына 2:4 есебімен есе жіберді.
Қазір турнир кестесінде «Барыс» 29 ұпаймен 23-орында тұрса, «Лада» 44 ұпаймен 20-орында келеді.
Айта кетсек, елордалық клуб бұдан кейінгі үш ойынын елордада өткізеді. Алдымен 17 ақпанда «Металлург» (Магниогорск) клубымен ойнаса, 20 ақпанда «Северсталь» (Череповец), 22 ақпанда «Адмирал» (Владивосток) командасымен кездеседі.