ҚХЛ: «Барыс» елордада «Локомотивтен» жеңіліп қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 1 қазанда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Локомотив» (Ярославль) командасына қарсы өткізді.
Кездесу барысында ресейлік клубтың белсенділігі байқалды. Олардың қатарынан Андрей Сергеев 3-минутта есеп ашса, Байрон Фрейз 25, Георгий Иванов 43, Егор Сурин 44-минутта мергендік танытты.
Ал «Барыс» сапынан Райли Уолш 55-минутта есеп айырмасын қысқартса, ресейлік клубтан Никита Кирьянов 57-минутта ойынның нүктесін қойды.
Осылайша елордалық клуб қарсыласына 1:5 есебімен жеңіліп қалды.
Екі команда бұған дейін 31 мәрте кездескен. Оның 10-ы елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалған ойында қарсылас команда жеңіске жеткен.
Кейінгі бес кездесудің барлығында қазақстандық клуб аталған қарсыласына есе жіберді.
Енді елордалық клуб алдағы үш ойынын сырт айдында өткізіп, Ресейде 5 қазанда «Сибирь» (Новосібір), 7 қазанда «Ак Барс» (Қазан), 9 қазанда «Трактор» (Челябі) командаларына қарсы өткізеді.
Айта кетсек, биыл елордалық клубпен АҚШ хоккейшілері Иэн Маккош, Майкл Веккьоне, Райли Уолш, Тайс Томпсон, канадалық Джейк Масси, ресейлік Владимир Волков, Эмиль Галимов, қазақстандық Кирилл Панюков, Кирилл Савицкий, Батырлан Мұратов, Роман Старченко және өзге де ойыншылар келісімшартқа қол қойды.