ҚХЛ: «Барыс» елордада СКА командасына есе жіберді
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 13 ақпанда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің СКА (Санкт-Петербург) командасына қарсы өткізді.
Елордалық команданың бірқатар хоккейшісі қазір Қысқы Азия ойындарына қатысып жатыр. Сондықтан астаналық ұжым бұл ойынға негізінен жастарға сенім артты. Олардың қатарында Санжар Ибрагим, Марат Сағымбаев сияқты жас хоккейшілер бар.
Соған қарамастан елордалық команда кездесуді белсенді бастады. Ойынның 11-минутында Батырлан Мұратов СКА қақпашысын қапы қалдырып кетті.
Ал 16-минутта ресейлік клубтан Михаил Воробьёв таразы басын теңестірсе, Сергей Сапего 17-минутта басымдықты арттырды.
Сондай-ақ олардың қатарынан Михаил Григоренко 24-минутта мергендік танытты.
Ойынның 43-минутында астаналық командадан Никита Сетдиков есеп айырмасын қысқартса, келесі кезекте ресейлік командадан Марат Хайруллин 51, Григорий Кузьмин 53-минутта гол соғып кетті.
Осылайша елордалық клуб қарсыласына 2:5 есебімен есе жіберді.
Айта кетсек, елордалық клуб бұдан кейінгі төрт ойынын елордада өткізеді. Алдымен 15 ақпанда «Лада» (Тольятти) клубымен ойнаса, 17 ақпанда «Металлург» (Магниогорск), 20 ақпанда «Северсталь» (Череповец), 22 ақпанда «Адмирал» (Владивосток) командасымен кездеседі.