ҚХЛ: «Барыс» қатарынан екінші мәрте жеңіске жетті

Фото: «Барыс» хоккей клубы

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 18 желтоқсанда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Динамо» (Мәскеу) командасына қарсы өткізді.

Екі команда турнир кестесінде жоғары және төменгі бөлігінде орналасқан еді. Мәселен, «Барыс» 32 ұпаймен 17-орынға жайғасса, «Динамо» 48 ұпаймен 6-орында келеді.

Сондықтан елордалық клуб үшін әрбір кездесудің маңызы артып тұр. Жинақы қимылдап, ұпай қорын молайтуға күш салып келеді.

Кездесу барысында алғашқы кезеңде командалар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Жиі шабуыл ұйымдастырды. Соған қарамастан қақпаны дәл көздей алмады. Екінші кезеңде ресейлік клуб алғашқы болып есеп ашты. Бұл голды «Динамо» хоккейшісі Макс Комтуа 27-минутта мергендік танытса, оған 30-минутта Аңсар Шайхмедденов бір голмен жауап қайырды.

Үшінші кезеңде қазақстандық команда қатарынан үш шайба соғып кетті. Алдымен Семён Симонов 41-минутта қақпаны дәл көздесе, одан кейін Иэн Маккошен 42, Дінмұхамед Қайыржан 52-минутта басымдықты арттырды. Ал 55-минутта «Динамо» сапынан Никита Гусев гол соқты.

Осылайша елордалық команда қарсыласынан 4:2 есебімен басым түсті. Бұл - «Барыстың» қатарынан екінші жеңісі. Олар бұдан бұрын Ресейде «Автомобилист» (Екатеринбург) клубын 4:1 есебімен тізе бүктірді. 

Қазақстандық клуб бұдан кейін төрт ойынын елордада өткізеді. Алдымен 21 желтоқсанда Ресейдің «Сочи» командасымен шеберлік байқасса, одан кейін 23 желтоқсанда «Трактор» (Челябі), 25 желтоқсанда «Автомобилист» (Екатеринбург), 27 желтоқсанда «Амур» (Хабаровск) командаларымен кездеседі.