ҚХЛ: «Барыс» қатарынан үшінші мәрте жеңілістің ащы дәмін татты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 7 қазанда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Ак Барс» (Қазан) командасына қарсы өткізді.
Кездесу барысында командалар тартысты ойын өткізді. Алдымен ресейлік клуб қатарынан төрт шайба соғып кетті. Олардың қатарынан Владимир Алистров 3-минутта есеп ашса, одан кейін Артем Галимов 36, 38-минутта екі мәрте мергендік танытты.
Ал 42-минутта Никита Лямкин көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Бұдан кейін елордалық хоккейшілердің белсенділігі байқалды. «Барыс» сапынан Дінмұхамед Қайыржан 44-минутта гол соқса, келесі кезекте Майк Веккионе 44, Всеволод Логвин 47-минутта есеп айырмасын қысқартты.
Осылайша «Барыс» қарсыласына 3:4 есебімен жол беріп, қатарынан үшінші мәрте жеңілістің ащы дәмін татты.
Елордалық клуб тағы бір ойынын сырт айдында өткізіп, 9 қазанда Ресейде «Трактор» (Челябі) командасымен шеберлік байқасады.
Екі команда бұған дейін 56 мәрте кездескен. Оның 10-ы елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалған ойында қарсылас команда жеңіске жеткен.