Кездесу барысында командалар тартысты ойын өткізді. Алдымен ресейлік клуб қатарынан төрт шайба соғып кетті. Олардың қатарынан Владимир Алистров 3-минутта есеп ашса, одан кейін Артем Галимов 36, 38-минутта екі мәрте мергендік танытты.
Ал 42-минутта Никита Лямкин көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Бұдан кейін елордалық хоккейшілердің белсенділігі байқалды. «Барыс» сапынан Дінмұхамед Қайыржан 44-минутта гол соқса, келесі кезекте Майк Веккионе 44, Всеволод Логвин 47-минутта есеп айырмасын қысқартты.
Осылайша «Барыс» қарсыласына 3:4 есебімен жол беріп, қатарынан үшінші мәрте жеңілістің ащы дәмін татты.
Елордалық клуб тағы бір ойынын сырт айдында өткізіп, 9 қазанда Ресейде «Трактор» (Челябі) командасымен шеберлік байқасады.
Екі команда бұған дейін 56 мәрте кездескен. Оның 10-ы елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалған ойында қарсылас команда жеңіске жеткен.