АСТАНА. KAZINFORM — Құрлықтық хоккей лигасы (ҚХЛ) тұрақты чемпионатының кезекті турында астаналық «Барыс» Новосібірде жергілікті «Сибирь» командасымен кездеседі.
Матч Қазақстан уақытымен сағат 17.30-да басталып, «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Қазіргі кезде «Барыс» 21 ұпаймен Шығыс конференциясында 11-орында тұрса, новосібірліктер (25 ұпай) 9-сатыда келеді. Бірақ олар екі ойынды кем өткізген.
Соңғы бәсекеде «Барыс» өз айдынында овертаймда омбылық «Авангардқа» (2:3) есе жіберсе, «Сибирь» сырт айдында магнитогорскілік «Металлургтан» (1:3) ұтылып қалды.
Соңғы жеті матчтың алтауында «Сибирь» жеңіліс тапса, «Барыс» үш рет қарсыластарынан басым түсіп, төртеуінде жол берген.
Биыл елордалықтар «Сибирьді» сырт айдында 3:1 есебімен ұтқан еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Барыстың» жеңіп жатып, жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).