ҚХЛ: «Барыс» тартысты ойында «Сибирь» командасын қапы қалдырды
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Сибирь» (Новосібір) командасына қарсы өткізді.
Биыл «Барыс» жеті кездесудің үшеуінде жеңіске жетіп, қалғанында қарсыластарына есе жіберді. Ал «Сибирь» жеті кездесудің төртеуінде қарсыласын қапы қалдырды.
Турнир кестесінде «Барыс» 7 ұпаймен 19 орынға жайғасса, «Сибирь» 8 ұпаймен 17 орынды місе тұтып тұрған еді.
Бүгінгі кездесуде командалар тартысты ойын өткізді. Алғашқы минутта ресейлік клубтың белсенділігі байқалып тұрды. Олардың қатарынан Роман Калиниченко 5-минутта есеп ашса, небәрі 34 секундтан кейін әріптесі Скотт Уилсон басымдықты арттырды. Оған «Барыс» сапынан Семён Симонов 8, Дмитрий Бреус 22-минутта екі голмен жауап беріп, таразы басын теңестірді.
Одан кейін қайтадан Никита Сошников 23, Владислав Кара 27-минутта мергендік танытып, қайтадан «Сибирь» алға шықты. Ал «Барыс» сапынан Джейк Масси 30, Семён Симонов 37, Иэн Маккошен 48, Мэйсон Морелли 58-минутта төрт мәрте қарсылас қақпасын дәл көздеді. Осылайша қарсыласынан 6:4 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 9 ұпаймен 13-орынға көтерілді.
Енді елордалық клуб алдағы екі ойынын Астанада өткізеді. Алдымен 29 қыркүйекте Ресейдің «Адмирал» (Владивосток) командасын қабылдаса, 1 қазанда «Локомотив» (Ярославль) командасымен кездеседі.
Бұған дейін «Барыс» бүгін елордада «Сибирь» командасымен кездесетінін жазған едік.