Биыл «Барыс» жеті кездесудің үшеуінде жеңіске жетіп, қалғанында қарсыластарына есе жіберді. Ал «Сибирь» жеті кездесудің төртеуінде қарсыласын қапы қалдырды.
Турнир кестесінде «Барыс» 7 ұпаймен 19 орынға жайғасса, «Сибирь» 8 ұпаймен 17 орынды місе тұтып тұрған еді.
Бүгінгі кездесуде командалар тартысты ойын өткізді. Алғашқы минутта ресейлік клубтың белсенділігі байқалып тұрды. Олардың қатарынан Роман Калиниченко 5-минутта есеп ашса, небәрі 34 секундтан кейін әріптесі Скотт Уилсон басымдықты арттырды. Оған «Барыс» сапынан Семён Симонов 8, Дмитрий Бреус 22-минутта екі голмен жауап беріп, таразы басын теңестірді.
Одан кейін қайтадан Никита Сошников 23, Владислав Кара 27-минутта мергендік танытып, қайтадан «Сибирь» алға шықты. Ал «Барыс» сапынан Джейк Масси 30, Семён Симонов 37, Иэн Маккошен 48, Мэйсон Морелли 58-минутта төрт мәрте қарсылас қақпасын дәл көздеді. Осылайша қарсыласынан 6:4 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 9 ұпаймен 13-орынға көтерілді.
Енді елордалық клуб алдағы екі ойынын Астанада өткізеді. Алдымен 29 қыркүйекте Ресейдің «Адмирал» (Владивосток) командасын қабылдаса, 1 қазанда «Локомотив» (Ярославль) командасымен кездеседі.
Бұған дейін «Барыс» бүгін елордада «Сибирь» командасымен кездесетінін жазған едік.