Бұл кездесу Қазақстан уақытымен 19:00-де басталады.
Екі команда арасындағы кейінгі алты кездесудің бесеуінде ресейлік команданың мерейі үстем болды.
Елордалық клубта медициналық тексеруден кейін 15 шілдеден бастап қазақстандық хоккейшілер жаттығуға кірісті. 1 тамыздан бастап олардың қатарына шетелдік ойыншылар қосылды.
Команданың 2026/27 жылғы ҚХЛ маусымына дайындықтың қорытынды кезеңі 31 тамыз-6 қыркүйек аралығында «Барыс Аренада» өтті.
Алдағы маусымда ұжымның бас бапкері қызметін Михаил Кравец атқарады. Оның көмекшісі болып отандық жанкүйерлерге жақсы таныс маман Талғат Жайлауов бекітілді.
Шабуылшылармен Александр Савченков, ал қорғаушылармен Евгений Королев жұмыс істейді. Қақпашыларды дайындау ісі Константин Барулинге сеніп тапсырылды.
Алдағы маусымға барлығы 22 команда қатысады. Олардың қатарында елордалық «Барыс» та бар. Командалар жылдағыдай Шығыс және Батыс конференциясына бөлінген.
Шығыс конференциясына Ресейдің «Автомобилист» (Екатеринбург), «Ак Барс» (Қазан), «Металлург» (Магнитогорск), «Нефтехимик» (Нижнекамск), «Трактор» (Челябі), «Авангард» (Омбы), «Адмирал» (Владивосток), «Амур» (Хабаровск), «Салават Юлаев» (Уфа), «Сибирь» (Новосібір) және қазақстандық «Барыс» енгізілген.
Батыс конференциясында Ресейдің СКА (Санкт-Петербург), «Спартак» (Мәскеу), «Торпедо» (Нижний Новгород), «Лада» (Тольятти), «Сочи», «Динамо» (Мәскеу), «Локомотив» (Ярославль), «Северсталь» (Череповец), ЦСКА (Мәскеу), Беларусьтің «Динамо» (Минск), Қытайдың «Шанхай Дрэгонс» командалары сынға түседі.
Айта кетсек, биыл Құрлықтық хоккей лигасында «Локомотив» (Ярославль) командасы Гагарин кубогының иегері атанды. Олар жалпы серияда «Ак Барс» (Қазан) командасын 4:2 есебімен жеңді.
Еске салсақ, өткен маусымда елордалық «Барыс» ҚХЛ-дың плей-офф кезеңіне шыға алған жоқ.