ҚХЛ: «Барыс» жетінші орынға көтерілді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын бүгін, 17 қазанда Ресейде «Сибирь» (Новосібір) командасына қарсы өткізді.

Фото: «Барыс» хоккей клубы

Құрлықтық хоккей лигасы тұрақты чемпионатында «Барыс» 15 ойыннан кейін 18 ұпаймен сегізінші орында тұрса, «Сибирь» 16 ойыннан кейін 15 ұпаймен он бесінші орынға жайғасқан еді.

Кездесу барысында қарсыластар жылдам гол соғатын мүмкіндікті іздеген еді. Соған қарамастан бірінші және екінші кезеңде бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Шешуші кезеңде елордалық команда соққан жалғыз гол оларға жеңіс алып келді.

«Сибирь» (Новосібір, Ресей) — «Барыс» (Астана, Қазақстан) 0:1 (0:0, 0:0, 0:1)
0:1 — Морелли (Дэй, Ляпунов) — 47:16

Қақпашылар: Красоткин — Шутов.

Осылайша, «Барыс» қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде жетінші орынға көтерілді.

Елордалық команда кейінгі алты ойынның төртеуінде жеңіске жетсе, ресейлік клуб та алты кездесудің төртеуінде қарсыластарын қапы қалдырды.

Екі команда арасындағы соңғы бес ойынның біреуінде елордалық клуб жеңіске жетті.

Қазақстандық команда бұдан кейін екі кездесуді сырт айдында өткізеді. Алдымен 19 қазанда Ресейде «Амур» (Хабаровск) командасымен кездессе, 21 қазанда «Адмирал» (Владивосток) клубымен шеберлік байқасады.