НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Барыс» биылғы құрлықтық хоккей лигасындағы алғашқы ойынында Владивостоктың «Адмиралынан» жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінгі кездесу тартысты өтті. Бірінші кезеңде қос команда шабуылға жиі шықты. Десе де екі клубқа да қақпаға гол соғуға мүмкіндік болған жоқ.
Екінші кезеңде «Адмирал» хоккейшілері екі шайба соғып кетті. Алдымен олардың сапынан 31-минутта Маркус Юнг өз командасын алға шығарды. Одан кейін 39-минута оның әріптесі Адам Альмквист есепті үстемелей түсті.
Үшінші кезеңде «Барыс» хоккейшісі Корбан Найт 50-минутта есеп айырмасын қысқартқан еді. Соңғы минутта елордалық хоккейшілер қақпашыны ойыншыға алмастырды. Қақпаның бос екенін пайдаланған «Адмирал» сапынан Василий Стрельцов мергендік танытты.
Осылайша бүгінгі кездесуде «Барыс» командасы «Адмиралдан» 1:3 есебімен жеңіліп қалды.
«Барыс» келесі кездесуін 5 қыркүйекте тағы да өз айдынында өткізеді. Бұл жолы Новосібірдің «Сибирь» командасымен шеберлік байқасады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.