НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Алматы қаласында Челябінің «Трактор» командасынан басым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елордадағы «Барыс-аренада» бүгінгі күндері күрес түрлерінен әлем чемпионаты өткізілуде. Сондықтан соңғы екі кездесуде қазақстандық клуб қарсыластарын оңтүстік астанада қабылдауда.
«Барыс» бүгінгі кездесуде жақсы ойнады. Кездесу барысында бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ. Екінші кезеңде елордалық хоккейшілер қарсыластар қақпасына екі шайба соғып кетті. Алдымен 21-минутта Роман Старченко есеп ашты. Одан кейін Мирон Пакаринен есепті ұлғайта түсті. Осылайша елордалық клуб қарсыласын 2:0 есебімен тізе бүктірді.
Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын «Барыс» Алматыда «Спартактан» басым түсті.
Елордалық клуб енді екі ойынын сырт айдында өткізеді. Алдымен 25 қыркүйекте Магнитогорскінің «Металлург» клубымен кездессе, 27 қыркүйекте Челябіде бүгінгі қарсыласы - «Трактормен» тағы бір мәрте шеберлік байқасады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.