Бүгінгі кездесу тартысты өтті. Ойынның бірінші кезеңінде армияшылар алдымен есеп ашты. Оны 7-минутта Максим Мамин өзінің еншісіне жазды. Ал 10-минутта оның әріптесі Андрей Светлаков есепті үстемелей түсті. Ойынның 16-минутында «Барыс» хоккейшісі Никита Михайлис мергендік танытты.
Екінші кезеңде айдын иелері басымдық танытты. Нәтижесінде ойының 36-минутында Антон Слепышев есепті ұлғайта түсті.
Кездесуде «Барыс» қарсыласына 1:3 есебімен есе жіберді.
Айта кетейік, лиганың жаңа маусымында «Барыс» екі ойын өткізіп үлгерді. Алдымен Латвияда «Динамо» (Рига) клубын 3:2 есебімен тізе бүктірді. Одан кейін Беларусьте «Динамо» (Минск) командасына овертаймда 4:5 есебімен есе жіберді.
Елордалық клуб одан кейін өз айдынында қатарынан төрт ойын өткізеді. Алдымен 10 қыркүйекте Қытайдың Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» командасын қабылдайды. Одан кейін 12 қыркүйекте Ресейдің «Динамо» (Мәскеу), 14 қыркүйекте ЦСКА (Мәскеу), 18 қыркүйекте Латвияның «Динамо» (Рига) клубтарымен ойнайды.