НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасы плей-офф сатысында бүгін ресейлік «Металлург» (Магнитогорск) командасымен екінші кездесуін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесу барысында қазақстандық клуб алғашқы болып есеп ашты. Оны 1-минутта Якоб Лилья өзінің еншісіне жазды.
Одан кейін ресейлік клуб сапынан Андрей Чибисов (5, 21-минут), Григорий Дронов (15-минут), Филипп Майе (30-минут), Брендан Лайпсик (32-минут), Джош Карри (45-минут) қатарынан бес шайба соғып кетті.
«Барыс» сапынан 57-минутта Якоб Берглунд есеп айырмасын қысқартты. Бұдан кейін таблодағы есеп өзгерген жоқ. Елордалық клуб қарсыласына 2:6 есебімен есе жіберді.
Енді екі кездесу 5 және 7 наурызда елордада болады.
Одан кейінгі екі ойын 9 наурызда Магнитогорскіде, 11 наурызда астанада өтеді.
Екі команда бұған дейін плей-офф сатысында төрт мәрте жолықты. Оның екеуінде «Барыс» жарыс жалғастырса, екеуінде «Металлург» клубының жолы болды.
Еске салсақ, Магнитогорскіде өткен алғашқы кездесуде «Барыс» қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.