НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Құрлықтық хоккей лигасының кезекті ойынын «Барыс» өз айдынында «Салават Юлаев» (Уфа) командасымен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бірінші кезеңде қонақтардан Сергей Шмелев 13 минутта мергендігімен көзге түсті.
Екінші тайм басында Линден Вей сан басымдылығын пайдаланып, таразы басын теңестіргенімен, көп ұзамай С.Шмелев жеңіс голын соғып кетті – 2:1.
Үшінші кезеңде айдын иелері қанша тырысып баққанмен, есеп өзгерген жоқ.
Осылайша Юрий Михайлистің шәкірттері жылдың соңғы матчында жеңіліс тапты. Елордалықтар 42 ұпаймен Шығыс конференциясында бұрынғысынша сегізінші орында келеді.
«Барыс» келесі ойынын 3 қаңтар күні өз айдынында «Динамо» (Рига) командасымен өткізеді. Ригалықтар 35 ұпаймен Батыс конференциясында көш соңында тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Барыстың» буллит сериясында «Автомобилисті» жеңгенін, жылдың соңғы матчын «Салават Юлаев» командасымен өткізетінін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).