НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасында бүгін Уфа қаласының командасы «Салават Юлаевпен» кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінгі ойында айдын иелері алғаш болып есеп ашты. Кездесудің 23-минутында Шакир Мухамадуллин мергендік танытса, 32-минутта Александр Алексеев есепті үстемелей түсті.
Үшінші кезеңде «Барыс» сапынан Максим Мусоров 41, Даррен Диц 48-минутта гол соқты. Осылайша таразы басы теңесіп, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда қазақстандық Роман Старченко жеңіс шайбасын соқты. «Барыс» қарсыласын 3:2 есебімен жеңді.
Екі команда бұған дейін 45 мәрте кездесті. Оның 19-ы «Барыстың» жеңісімен аяқталса, бүгін оны 20-ға жеткізді. Қалғанында ресейлік клубтың мерейі үстем болды.
Биылғы маусымда «Барыс» тоғыз кездесу өткізді. Оның үшеуінде жеңіске жетіп, қалғанында қарсыластарына есе жіберді.
«Барыс» енді 14 қазанда Ресей астанасы – Мәскеу қаласында «Спартакпен» кездеседі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.