ҚХЛ: «Барыс» «Сибирь» командасынан жеңіліп қалды

Фото: пресс-служба ХК "Барыс"
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы үшінші ойынын Ресейде «Сибирь» (Новосібір) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу тартысты өтті. Командалар бір-бірінің қақпасы маңында жиі бой көрсетті.

Соған қарамастан алғашқы екі кезеңде командалар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.

Үшінші кезеңде де командалар осы қарқыннан таймады. Десе де таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.

Осылайша кездесудің негізгі бөлігі 0:0 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда да жеңімпаз анықталған жоқ. Буллитте «Сибирь» мергендік танытты.

Осылайша «Барыс» қарсыласына буллиттен 0:1 есебімен жол берді.

Енді елордалық клуб 9 және 11 қыркүйекте сырт айдында ресейлік «Авангард» (Омбы), «Динамо» (Мәскеу) клубтарымен шеберлік байқасады.

Ал елордада 16 қыркүйекте Ресейдің «Адмирал», 18 қыркүйекте «Нефтехимик» командаларын қабылдайды.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» елордада Ресейдің «Салават Юлаев» (2:3), «Сибирь» (4:5) командаларына жеңіліп қалды.