ҚХЛ: «Барыс» «Витязьдан» басым түсті

АСТАНА. 4 қаңтар. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасы аясында Астананың «Барысы» Подольскде жергілікті «Витязьды» тізе бүктірді, деп хабарлайды Vesti.kz.

Негізгі уақытта бірін-бірі ала алмаған қарсыластар кім мықтыны буллиттер сериясында анықтады. «Барыс» сапына жаңадан қосылған Зак Хэмилл шешуші буллитті сәтті орындап, елордалықтардың мерейін үстем етті. Қазақстандық команда «Шығыс» дивизионында екінші, жалпы турнирлік кестеде үшінші орнын сақтап қалды. ҚХЛ шеңберіндегі келесі ойынын Ари-Пекки Селин баптайтын команда көш басындағы мәскеулік «Динамоға» қарсы сырт алаңда өткізеді. Ойынның басталуы 5 қаңтар күні Астана уақытымен 19.30-да.