НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Құрлықтық хоккей лигасы (ҚХЛ) 2021-2022 жылғы чемпионатты өткізу құрылымына енгізілген өзгерістерді бекітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚХЛ сайтында мәлім етілгеніндей, тұрақты чемпионатта қалған матчтарды өткізу мүмкін болмағандықтан, осындай шешім қабылданды.
Плей-офф кезеңіне шыққан командалар Батыс және Шығыс конференциясында жинаған ұпайларының пайызына сәйкес анықталды.
Биылғы маусымның плей-офф кезеңі 1 наурызда басталады.
Шығыс конференциясында сегізінші орыннан көрінген елордалық «Барыс» топ үздігі «Металлург» (Магнитогорск) командасымен Гагарин кубогының бірінші кезеңінде 1, 3, 5, 7, 9, 11 және 13 наурыз күндері шеберлік байқасады.
Өткен жылы плей-офф бәсекелерінің бірінші кезеңінде елордалық клуб дәл осы «Металлургке» 2:4 есебімен есе жіберген еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Барыстың» плей-офф кезеңіндегі қарсыласы анықталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).