ҚХЛ: Көш соңындағы «Барыс» өз айдынында «Сибирьді» жеңе ала ма
АСТАНА. KAZINFORM — Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты чемпионатында астаналық «Барыс» бүгін өз айдынында «Сибирь» (Новосібір) командасын қабылдайды.
«Барыс» — «Сибирь» матчы Қазақстан уақытымен сағат 19.20-да басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Біріншілікте 60 матчтан кейін 61 ұпай жинаған «Сибирь» Шығыс конференциясында 8-орында тұр. Ал 61 ойыннан кейін небәрі 31 ұпайы бар астаналықтар көш соңында келеді.
Соңғы бәсекеде «Барыс» Челябіде көш басындағы «Трактордан» 0:8 есебімен ойсырай ұтылды.
Ғалым Мәмбетәлиевтің шәкірттері соңғы 11 ойында бір ғана рет жеңіске жетті.
«Сибирь» бұған дейін өз айдынында «Ак Барсқа» (Қазан) 3:6 есебімен жол берді. Новосібірліктер де соңғы кезде сәтсіз өнер көрсетіп, жеті матчтың біреуінде ғана қарсылас команданы ұтты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Барыстың» «Металлург» командасына есе жібергенін жазған болатынбыз.