НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасы плей-офф кезеңіне жолдама алған барлық команда белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Естеріңізге сала кетелік, елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасы тұрақты кезеңінің жалпы турнир кестесінде төртінші орын алса, шығыс конференциясында екінші орынға табан тіреді. Ал Чернышев дивизионында көш басында болды. Елордалық хоккейшілер бүгін Ресейдің Хабаровск қаласында бүгін жергілікті «Амур» командасынан 0:5 есебімен жеңіліп қалды. Соған қарамастан турнир кестесінде өз орнын сақтап қалды.
Енді «Барыс» плей-офф кезеңінде Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасымен шеберлік байқасады. Плей-офф ойындары 1 наурызда басталады.
Сондай-ақ, плей-офф кезеңінде СКА - «Витязь», ЦСКА - «Торпедо», «Йокерит» - «Локомотив», «Динамо» М - «Спартак», «Ак Барс» - «Нефтехимик», «Авангард» - «Салават Юлаев», «Автомобилист» - «Сибирь» командалаы кездеседі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.