НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордалық «Барыс» пен Қазақстан құрамасының ойыншысы Роман Старченко желтоқсан айының қорытындысы бойынша ҚХЛ-дың үздік шабуылшысы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) сайтынан алынған мәліметке қарағанда, арнайы комиссия статистикалық деректер негізінде айдың үздік ойыншыларын анықтады.
Роман Старченко желтоқсанда 11 матчта 8 гол (үздік нәтиже) соғып, командасымен бірге 7 жеңіске қол жеткізді. Шабуылшының алты кездесуде қанжығасы құр кетпей, соның ішінде «Сочи» мен «Автомобилист» командаларымен бәсекеде қос голдың авторы атанды. Роман осы екі ойында және «Динамомен» (Минск) айдынға шыққанда, жеңіс шайбаларын соқты. Оған қоса Р.Старченко үш мәрте нәтижелі пас берді.
Сонымен қатар «Автомобилистен» (Екатеринбург) Якуб Коварж үздік қақпашы, «Йокериттен» (Хельсинки) Микко Лехтонен үздік қорғаушы, «Спартактан» (Мәскеу) қорғаушы Аким Тришин үздік жаңа ойыншы атанды.
Еске сала кетейік, соңғы екі ойынында жеңіске жеткен «Барыс» командасы Шығыс конференциясында үшінші орында келеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).